
Қасиетті Рамазан айында Қарағанды облыстық мешіті аз қамтылған отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Сондай-ақ жатақханаларда тұратын студенттерге және өңірдің кейбір кәсіпорындарының қызметкерлеріне ауызашарға арналған жиынтық салынған себеттер таратылды. Ал "Зекет" қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға екі пәтер сыйлады.
– Қасиетті Рамазан айында өткізілген қайырымдылық акциялары аясында облыста 26 373 отбасына көмек көрсетіліп, 5,5 тонна азық-түлік таратылды. Игі іске қатысқан қала тұрғындарына ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.
"Зекет" қайырымдылық қоры облыстың 13 430 тұрғынын ауызашарлармен қуантты. Сонымен қатар, "Рамазан керуені" қайырымдылық марафоны кезінде 12 673 отбасы азық-түлік алды. Оларға 3,7 тонна ұн, 1,2 тонна шай, 770 литр күнбағыс майы таратылды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар арасында ет таратылды. Киіммен 270 отбасы қамтамасыз етілді.
– Ауызашарлар мен азық – түлік жеткізуден басқа, Рамазан айында "Ел үлесі – пәтерге" республикалық жобасы аясында біз мұқтаж жандарға екі пәтер сыйға тарттық: біреуі Теміртауда - көп балалы отбасына, екіншісі Жезқазғанда - ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасына. "Ел үлесі - пәтерге!" 2018 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде республикада 300-ден астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мұндай игі істерді одан әрі жалғастырамыз, – дейді "Зекет" қайырымдылық қорының Қарағанды облысындағы жауапты өкілі Мұхит Жарымбетов.