
Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындары осы жылдың мамыр айынан бастап enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін қашықтықтан ала алады.
Электрондық еңбек биржасындағы "Жеке кабинетте" жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұруға және тіркеудің барлық кезеңдерін қадағалауға болады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар онлайн-режимде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жіберуге және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдауға мүмкіндігі бар. Олардың қатарында жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар бар.
Жоғарыда көрсетілген қызметтерді алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық еңбек биржасында тіркеуден өту қажет.
– Жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына барғысы келетін азаматтарға үйден шығудың қажеті жоқ. Мұның бәрін бірнеше минут ішінде enbek.kz порталы арқылы жасауға болады. Ол үшін тек интернетке шығатын компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер үш жұмыс күні ішінде портал адамға лайықты жұмыс таба алмаса, онда электрондық еңбек биржасы жұмыссыз ретінде тіркеуді автоматты түрде жүзеге асырады. Осылайша, адами фактор толығымен жойылады, – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, қажетті қызметтерді барлық жұмыспен қамту орталықтарында құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарынан алуға болады.
Жыл басынан бері 34 мыңнан астам адам қашықтықтан қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды. Жұмыссыз мәртебесі 30 мың азаматқа берілді.
Онлайн қызмет көрсету туралы толық ақпаратты enbek.kz сайтынан және халықты жұмыспен қамту орталықтарынан білуге болады.
Электрондық еңбек биржасында онлайн-тіркеуден өтуге болады https://www.enbek.kz/docs/ru/how-to-get-state-employment-support.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша