Қарағанды облысының ауыл мектептерінің оқушылары «Мың бала» олимпиадасында жүлделі орындар үшін өзара бақ таластырды

Қарағанды облысының ауыл мектептерінің оқушылары «Мың бала» олимпиадасында жүлделі орындар үшін өзара бақ таластырды

Бүгін, 5 мамырда Қарағанды облысында ауыл оқушылары арасында ұйымдастырған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтуде. Бірінші кезеңге 4 286 адам қатысты. Екінші турға 162 оқушы өтті.

Біздің өңірде олимпиада үш тестілеу орталығында өтеді: Қарағанды, Балқаш және Жезқазғанда.

– «Мың бала» олимпиадасы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оған тек ауыл мектептерінің балалары қатысады. Оқушылар төрт пән бойынша тест тапсырады: математикалық сауаттылық, қазақ немесе орыс тілі, ағылшын және жаратылыстану. Қатысушылар 100 сұраққа жауап береді. Ол үшін оларға 150 минут беріледі, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Құралай Сүлейменова.

Олимпиада жеңімпаздары «Білім – Инновация» лицейлері, Республикалық физика-математика мектептері және «Дарын» мамандандырылған мектептері сияқты дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептерінде білім алуға мүмкіндік алады.

– Мен облысымыздың үздік лицейлерінің біріне түскім келеді, сондықтан осы олимпиадаға қатысуға бел будым. Өз қабілетімді тексергім келеді. Екінші турға өткенімді білгенімде, қатты қуанып қалдым. Сол сәттен бастап мұғаліммен бірге дайындықты бастадық, – дейді Бұқар Жырау ауданының оқушысы Жәния Нұртай.

Абай ауданында тұратын Мұрат Исмаил қазақ-түрік лицейіне түсуді армандайды.

– Мен бұл олимпиадаға өткен жылы қатыстым, ол кезде екі турдан өтіп, ноутбук ұтып алдым. Биыл да екінші кезеңге жеттім. Қалаған мектепке түсу үшін жақсы нәтижелер көрсеткім келеді, – деп бөлісті Мұрат.

Естеріңізге сала кетейік, «Мың бала» жобасы Елбасының «Ел үміті»  талантты жастарды анықтау және қолдау бастамасы аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.