
Қарағанды облысында Jaŋa tolqyn медиажобасы өз жұмысын бастады. Ол өзінің білімі мен табандылығының арқасында биіктерді бағындырған жастардың тарихын баяндайтын болады.
Медиа жобаға қатысу үшін өтінім беру қажет.
- Jaŋa tolqyn медиажобасының басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына үлес қосқан нақты адамдардың мысалында жастар арасында табысқа жету, бәсекеге қабілеттілік және прагматизм идеяларын ілгерілету. Жоба үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзгеге үлгі бола алатын 14 пен 30 жас аралығындағы жастар үшін ашық, – деп атап өтті жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Жоба шеңберінде өз қызметі саласында жетістіктері бар жастар туралы бейнероликтер топтамасы шығарылады (бір бейнеролик – бір жас адам туралы).
Әрбір қатысушы өзінің жетістіктері туралы, барлығы қалай басталғанын, қандай қиындықтарға тап болғанын және оларды қалай жеңгені туралы баяндауы тиіс. Сондай-ақ, жастар саясаты туралы өз ойларын және өз ұсыныстары мен тілектерін білдіруге болады.
2021 жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқаны белгілі. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес әрбір ай белгілі бір тақырыпқа арналады. Осылайша, Jaŋa tolqyn жаңа жобасы сәуір айында «Ғылым және технологиялар» атауымен іске қосылды. Бірінші бейнероликтің кейіпкері IT-маман болды. Мейірлен Жұманов қарапайым таксист бола тұра IT-саланы меңгерген. Мобильді қосымшалар жасап, бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жобаларға қатыса бастады. Соңғы жылдары ол американдық Endpass компаниясында жұмыс істеген. Қазір Мейірлен және оның командасы мекеменің кіреберісіндегі санитарлық талаптарды қадағалайтын құрылғыны жасаумен айналысып жатыр. Кіре берісте бетпердесі жоқ адам өтіп бара жатқанын ескертіп, автоматты түрде оның дене температурасын өлшейді.
– Кез-келген батыл шешім үлкен жетістікке әкелуі мүмкін. Шешім қабылдаңыздар және жұмыс жасаңыздар! – дейді Мейірлен.
Jaŋa tolqyn жобасы сегіз айға созылады. Әр айдың өз жеңімпазы болады.
Жоба ұйымдастырушылары – Saryarqa aqparat медиа-холдингі және жастар саясаты мәселелері басқармасы.