
Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты Қарағанды облысының Ұлы Отан соғысының ардагерлері біржолғы төлем алады. Олардың әрқайсысына миллион теңгеден төленеді. Мерекелік күні берілетін төлем өткен жылғы, мерейтойлық деңгейде қалды.
Сондай-ақ, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға біржолғы материалдық төлем қарастырылған:
- концлагерь тұтқындары – 200 мың теңге;
– Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) жесірлері мен әйелдері – 50 мың теңге;
– Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 200 мың теңге;
– «ҰОС жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері – 100 мың теңге;
- 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар – 50 мың теңге.
«Ардағым – ардагерім» акциясы аясында ардагерлерді мерекемен құттықтап, оларға сыйлықтар үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен беріледі.
Айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 46 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.