
Қарағанды облысының Шахан кентінде орталық қазандық салынып жатыр. Осылайша тұрғындардың көп қабатты үйлердегі пештерден құтылуды көздеген көпжылдық арманы орындалады.
Үйлерді орталық жылуға қосудың қандай шешімі табылғаны жайлы кент әкімі Ғалым Өмірбеков айтып берді.
– Көп қабатты үйлерді Қазақстандық ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы арқылы қосу жоспарлануда. Тұрғындарға 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1% жеңілдікпен несие ала алатын несиелеу бағдарламасына қатысу ұсынылды. Біз барлық үйлерді аралап, адамдарға жағдайды түсіндірдік. Көпшілік осы нұсқаны қалайтынын айтты. Тұрғындар құжаттар жинай бастады. Біз құжаттардың толық пакетін қабылдап, кейін ТКШ жаңғырту орталығына беретін боламыз, – деді ол.
Есептеулер бойынша бір пәтерден ай сайынғы төлем шамамен 5000-6000 теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысу үшін үйдегі пәтер иелерінің 70% келісімі қажет.
Шаханда 116 көп қабатты үйдің 21-і модульдік қазандықтармен жылытылады. Оларда орталық жылытуға көшу үшін тек элеваторды орнату керек, сондықтан шығындар аз болады. Қалған құны жылу жүйесіне қосылу үйдің қабаттарына байланысты өзгереді – бір пәтерден 100-ден 500 мың теңгеге дейін.
– Әрине, бұл соманы бірден төлеуге көптеген адамдардың мүмкіндігі жоқ. Бізге құлақ түргендеріңіз үшін, шешім тапқандарыңыз үшін рахмет. Мұндай шарттармен берілетін несие – біздер үшін үлкен плюс. Біз біртіндеп төлей аламыз: біреу жеті жыл, біреу мерзімінен бұрын. Бұл зейнеткерлер үшін, жас отбасылар үшін артық болмайды, – деп есептейді Шаханның тұрғыны Стефанида Пьяных. – Мен бұл жерде туғанымнан бері тұрамын, бірақ күйеуіммен бірге көшу туралы ойлана бастаған едік. Біздің үйде модульдік қазандық жоқ. Пеш өте ыңғайсыз. Көмірді жинап, күлді шығарамыз. Жұмыстан келген бетте, бірінші кезекте қазанды қыздыруға кірісеміз. Демалыс жоқ. Орталық жылыту қосылғанда көретін артықшылықтың бірі - көмір шаңымен дем алудың қажеті жоқ, тазалық, жайлылық пен ыңғайлылық болады.
Кенттік әкімдікке шарт жасасу үшін құжаттар тапсырылып жатыр.
Кент әкімінің айтуынша, орталық жылу тарифі Шахтинск қаласындағыдай болады. Нысанды тапсырғаннан кейін қазандықты Шахтинск ЖЭО-ның теңгеріміне беру жоспарлануда.
Қазір қазандық 80 пайызға дайын. Жабдықтар толық орнатылған. Технология жаңа: қазандықтар кез-келген түрдегі көмірмен жұмыс істей алады.
Мердігер «Механомонтаж-2004» кентке магистральдық құбыр салады. Нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарланған. Жаңа жылыту маусымында шаханалықтар пеш пен көмірмен қоштаса алады.