Балқашта жаңа емхананың құрылысы басталды

Балқашта жаңа емхананың құрылысы басталды

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында "Евроэкспоцентр" компаниясы Балқаш қаласында жаңа емхана салуға кірісті. "Қадамдық қолжетімділік" қағидаты бойынша Злиха Сәбитова атындағы шағын ауданында медициналық мекеме пайда болады.

Емхана бір ауысымда 200 келушіні қабылдауға шақталған. Дәрігерлер 20 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.

Нысанның құрылысына 400 млн теңгеге жуық жеке инвестиция салынады. 100 жұмыс орны ашылады.

Құрылыс салушы компания ағымдағы жылы емхананы пайдалануға беруді және оның ашылуын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластыруды жоспарлап отыр.

Нысанды іске қосу арқылы қазіргі №2 емхананың ғимаратын мектепке дейінгі мекеме ретінде қайта жабдықтау көзделіп отыр. Жаңа балабақшаға 210 баланы қабылдауға болады.