«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы даму стратегиялық жоспарын ұсынды

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы даму стратегиялық жоспарын ұсынды

Теміртау қаласының құраушы кәсіпорны 2025 жылға дейін ЖЭО, коксохимиялық және аглоөндірісіндегі жабдықтарды жаңғырту есебінен шығарындылар көлемін қысқартуға ниетті. Стратегиялық даму жоспарын «АрселорМиттал Теміртау» Бас директоры Биджу Наир мәлімдеді. Кеңес ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өтті.

– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – біздің өңір үшін, әсіресе Теміртау, Балқаш және Жезқазғанда өткір тақырып. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы тарапынан да, біздің тарапымыздан да бірлескен нәтижелі жұмыстың арқасында жақын арада өңір экологиясының жай-күйін сапалы түрде жақсарта алатынымызға сенімдімін, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Табиғи газдың көлемі шектеулі болғандықтан үш ай бұрын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ үш айлық үзіліс алуға мәжбүр болды. Осы уақыт ішінде шығарындыларды 30%-ға төмендету бойынша жаңа жоспар әзірленді.

– Біз меморандум жасасқан кезде газдың үлкен көлеміне үміт артамыз. Сондықтан инвестициялық жоспарды қайта қарауға тура келді. Бізге бөлінген 600 млн текше метр табиғи газ өте маңызды. Біз оларды өндіріс кәсіпорындары үшін ең проблемалы болып табылатын ЖЭО, коксохимия және аглоөндіріске жібереміз. Олар зауыттағы ең үлкен шығарындылардың көзі болып табылады, – деді Биджу Наир.

Қазіргі уақытта металлургиялық алыпта ЖЭО-БАС-де жаңа қазандықтың, №5 агломерациясында және ИҚО-да электр сүзгісінің құрылысы жүріп жатыр. Күл-қоқыс жинағышты қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қала құраушы кәсіпорын басшылығы Теміртауды көгалдандыруға кірісті. Ағаштарды отырғызу үшін қала әкімдігімен тоғыз жер телімі бөлінді. Жоспарда тек ағаш отырғызу ғана емес, болашақта оларға күтім жасау да бар.

Теміртау тұрғындарының көмір станцияларына шығарындылары бойынша ең көп шағымдар бар. Компания басшысы жақында жұмыста жақсартулар болады деп сендірді. 2022 жылы ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай ЖЭО-БАС-де үш жаңа қазандық салынады.

Қазір компания 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бойынша жұмысқа кірісті. Онымен таныстыру жарты жылдан кейін жүзеге асырылмақ. Әзірге жаңа кокс батареясының және тағы бір газды тазартудың құрылысы жоспарлануда.

Мағзұм Мырзағалиев өз кезегінде ұсынылған жоспардың орындалуын қатаң бақылауға уәде берді.

– Компания өзіне алған міндеттемелерді орындауы тиіс деп есептейміз. Қазір газ көлемінің төмендеуіне байланысты кәсіпорын баламалы табиғат қорғау іс-шараларын қарастырды. Әзірге олар тек қағаз жүзінде. Егер бірнеше жылдан кейін Теміртау тұрғындары қара қарды көрмесе, онда жұмыс бекер жүргізілмегеніне көзіміз жетеді, – деп есептейді министр.