2022 жылы Теміртауда ЖЭО-2-де жаңа қазандық салу жоспарлануда

2022 жылы Теміртауда ЖЭО-2-де жаңа қазандық салу жоспарлануда

"АрселорМиттал Теміртау" 2022 жылдың қазанына қарай ЖЭО-2-де жетінші қазандық салуға уәде берді. Бұл металлургтер қаласын тұрақты жылумен қамтамасыз етудің көпжылдық проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек компания басшылығымен онлайн-кеңес өткізді. Жобаны іске асыру барысы мен станциядағы жөндеу науқаны талқыланды.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Бас директоры Биджу Наир қазір тендерлер жүріп жатқанын хабарлады. Өткен жылдан бастап Подольск машина жасау зауытында қазандық қондырғысы жасалуда. Жабдықтың бір бөлігі дайын. 28 мамырға дейін құрылыс мердігерлік ұйымдары анықталады.

Кеңесте сондай-ақ ЖЭО-2-нің келесі жылыту маусымына дайындығы талқыланды. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас энергетигі Владислав Замятин хабарлағандай, жөндеу жұмыстарына биыл 2,6 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар басталды.

Жеңіс Қасымбек жөндеу жұмыстары ауа райы суытқанға дейін созылып кетпеуі үшін жылыту маусымының басталуына децін барлық қазандықтар дайын болуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін кестені қайта қарау керек.