
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ТЖ жөніндегі облыстық комиссия отырысын өткізді. Отырыс барысында су тасқыны жағдайы талқыланды. Аймақ басшысы тәулік бойы бақылауды ұйымдастыруды тапсырды.
Қалалар мен аудандардың әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері ағымдағы жағдай бойынша баяндама жасады.
Сәуірдің бірінші жартысында сел болады деп күтілуде. Аймақта жоғары дайындық режимі енгізілді. Барлық өзендердің бассейндерінде қардағы су қоры шамадан тыс артық.
«Бұқар жырау, Осакаров, Абай, Нұра, Шет және Қарқаралы аудандарында су тасқыны орын алуы мүмкін. Көктемде өзендердегі су деңгейі 15 сантиметрден үш метрге дейін көтерілуі және бір жарымнан үш шақырымға дейін жайылуы мүмкін, - деді Қарағанды облысының ТЖД басшысы Ибрагим Күлшімбаев. – Зерттеу қорытындысы бойынша 2017 жыылы облыстарда елді мекендерді су басу қаупінің деңгейлері анықталды».
Қазіргі кезде Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра, Шет және Осакаров аудандарында су басу қаупі жоғары. Ақтоғай, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында қауіп деңгейі орташа.
Облыстық маңыздағы автомобиль жолдарында су тазарту құбырлары мен құдықтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Есептік мәліметтер бойынша, елді мекендерден 1,5 миллион текше метр қар шығарылды. Сонда да қар көп қалды.
Облыстағы барлық өзендерде мұздардың кептелісін болдырмау үшін мұз жару жұмыстары жүргізіледі.
Отырыс барысында арнайы техниканың жетіспеушілігі, инертті материалдарға арналған қаптар тапшылығы сияқты проблемалар қарастырылды.
Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов су қоймасындағы суды жүйесіз ағызуға шағымданды. Бұл елді мекендерді су басу қаупін тудырады, дейді ол. Облыс әкімі бұл жағдайды шешуді тапсырды.
Осакаров ауданының әкімі Қайрат Шайжанов өз баяндамасын дроннан түсірілген түсірілімдермен сүйемелдеді. Биыл ауылдарда қар мөлшері екі есе көп, деді ол.