
Сәтбаев қаласының №9 орта мектебінде көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай ашылды. Оның ашылуы Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдығына және оның Тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың 122 жылдығына орайластырылған.
– Біз жыл сайын Қаныш Сәтбаевтың туған күнін атап өтеміз. Оның есімімен аталған қалада Қаныш ағаның құрметіне маңызды оқиғалар мен игі істер жалғасуда. Бұл процесс ешқашан үзілмейтініне күмән жоқ. Оған оқу орнында ұлы ғалымға арналған мұражайдың ашылуы дәлел болып отыр, – деді қала әкімі Асқар Ыдырысов. - Бұл мұражай жарқын бастамалардың жалғасы, игі істердің катализаторы болуы тиіс.
Жақын арада №9 мектепке Қаныш Сәтбаевтың есімін беру мәселесі де шешілуі тиіс. Бұл үшін барлық қажетті құжаттар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.
ortalyq.kz