
Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Сарыарқаның киелі жерлері» экспозициясы өтуде. Көрме 18 сәуірде атап өтілетін Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орайластырылды.
Орталықта киелі жерлердің фотосуреттері, мұражай экспонаттары мен кітаптар қойылған. Көрме мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қарағанды мемлекеттік инспекциясымен және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – қазақстандықтарды тарихты зерделеуге және туған өлкеге қызығушылық танытуға ынталандыру.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 64 киелі нысан бар. Олардың ішінде табиғи және тарихи мұра ескерткіштері: Ұлы адамдардың өмір сүрген орындары, кесенелер, қасиетті таулар, қалашықтар және т.б. Оларды сақтау мен цифрландыруда тарихшылар, археологтар, этнологтар жұмыс істейді.
Көрме 25 сәуірге дейін жалғасады.