
Қарағандыда «Олимпиаданың ашылуына 100 күн» акциясы өтті. Бұл іс-шара үшін жеңіл атлетикалық манеждің алаңында кешке және түнде жарқырап тұратын олимпиадалық сақиналардың құрылымы орнатылды.
Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан Қарағанды облыстық олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушылары мен жас спортшылары көк шыршаларды отырғызып, шарларды ұшырды.
- Осылайша біз Олимпиада ойындарында өнер көрсететін спортшыларымызды қолдағымыз келеді. Сондай-ақ, қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп, алдағы Олимпиада ойындары туралы хабарлағымыз келді - деді Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Токиодағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортшылардың рейтингтік турнирлердегі нәтижелері бойынша Қарағанды облысынан үміткерлер құрамы бекітілді. Спорттың 9 түрінен барлығы 13 адам. Бүгінгі таңда төрт спортшы үш лицензия жеңіп алды: Александра мен Екатерина Немич - синхронды жүзу (дуэт), Эльмира Сыздықова - әйелдер күресі және Аблайхан Жүсіпов - бокс.
Қалған үміткерлер рейтингтік турнирлерге қатыса отырып, лицензиялар үшін күресті жалғастыруда. Қарағанды облысы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына кем дегенде тоғыз лицензия жеңіп алуға үміттенеді.