Қазақстандық фермерлер өз егістіктерін құрғақшылықтан сақтандыруды бастады

Қазақстандық фермерлер өз егістіктерін құрғақшылықтан сақтандыруды бастады

15 сәуірге дейін Қазақстанның аграршылары өз өнімін ылғалдың жетіспеушілігінен онлайн режимінде сақтандыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін www.qoldau.kz платформасында ЭЦҚ көмегімен тіркелу қажет. мұнда Agroinsurance сервистік жүйесі орналасқан. Сондай-ақ, жеке кабинетте фермерлер топырақтағы ылғал деңгейін бақылай алады.

2020 жылдың басынан бастап өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру ерікті түрде жүзеге асырыла бастады. Енді аграршылар өз тәуекелін қаншалықты төмендету керектігін өз бетінше шешеді. Бұл ретте мемлекет өз бизнесін сақтандыратын өсімдік өсірушілерді қолдауды жалғастыруда. Субсидия түрінде сақтандыру полисі құнының 50% төленеді.

Ылғал тапшылығынан сақтандыру бірнеше фазаны көздейді. Біріншісі – 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екіншісі – 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшіншісі – 15 шілдеден 14 тамызға дейін. Аграршылар алқаптарды қандай фазалар бойынша сақтандыруды өзі таңдайды. Мониторинг жүйесінде олардың әрқайсысы бойынша сақтандыру жағдайы орын алатын өз триггерлері қойылған.

Алқаптарды Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өсімдік өсірушілері сақтандыра алады.

Сақтандыру шарты бойынша төлемдер сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша