
Қазақстанның Қызыл кітабы жануарлардың тағы үш түрімен толықты. Оған жолбарыс, алдыңғы азиялық қабылан және Пржевальский жылқысы кірді.
Айта кетейік, бүкіл әлемдегі алдыңғы азиялық қабыланның жалпы саны 870 - 1,3 мың басты құрайды. Қазақстанда олар тек Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында кездеседі.
Бүгін министрлік Балқаш маңындағы жолбарыстарды қалпына келтіру бағдарламасын әзірледі. Жоба 15 жылға есептелген және мекендейтін жерлерді дайындауды, жолбарыстарды табиғатқа шығаруды, сонымен қатар бағдарламаның сәттілігін бақылауды қамтиды.
Сондай-ақ, республикада 10-ға жуық Пржевальский жылқысы бар. Бұл жануар жабайы жылқылардың кіші түрлеріне жатады және жылқы тұқымдасының сирек кездесетін өкілдерінің бірі.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 400-ге жуық түрі және омыртқалы жануарлардың 133 түрі енген.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша