Қазақстанда 15 сәуірде жоғары оқу орындарына грантқа түсу үшін компьютерлік ҰБТ басталады

Қазақстанда 15 сәуірде жоғары оқу орындарына грантқа түсу үшін компьютерлік ҰБТ басталады

Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына 120 мыңнан астам адам қатысады. Биыл түлектерді не күтіп тұрғаны жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланды.

- БҒМ барлық рәсімдерді жетілдіру, оның ішінде білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін рәсімдерді өткізудің объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз ететін процестерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыратын 51 пункт базасында 120 мыңнан астам түлек пен басқа да қатысушылар тестілеуден өтеді деп жоспарлануда, - деп атап өтті Білім вице-министрі Шолпан Каринова.

Электрондық ҰБТ тестілеу нәтижелерін өңдеу кезіндегі қателіктерді болдырмауы тиіс. Тағы бір артықшылығы: ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ, ҰБТ қатысушысы қате жауап берген сұрақтарды бірден көреді.

- ҰБТ электронды форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін алдыңғы камерадан басқа, әр үстелдің үстіне тағы бір камера орнатылады. Қазіргі заманғы прокторинг және бейнебақылау жүйесі, сондай-ақ ҰБТ-да жалған тұлғаларды болдырмау үшін Face ID тұлғасын цифрлық сәйкестендіру қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.

Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, ол автоматты режимде тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфонды, басқа да гаджеттер мен шпаргалкаларды қолданғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, ал нәтижелері жойылады.

Тестілеу процесін қосымша бақылауды ахуалдық орталық жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ, ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері тартылатын болады.

ҰБТ тапсыруға тіркеу онлайн жүргізіледі. Құжаттар мен фотосуреттер қажет емес. Талапкер сайтқа кіріп, тестілеу пункттерінің кез келгенін, ҰБТ тапсыру күні мен қолайлы уақытын таңдау керек.

Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында беруге болады.