
2002 жылдан бастап Қарағанды облысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Қызыл жарты айы мен Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамының отбасын асыраушыларынан айырылған және балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған аналарды қолдау жөніндегі бірлескен жобасы жұмыс істейді.
- Басында мұндай көмекпен алты бала ғана қамтылды. Бүгінде олардың саны 39-ға жетті. Тоқсан сайын әр балаға шамамен 100 доллар келеді. Мұндай көмек бала ер жетіп, 24 жасқа толғанша көрсетіледі. Сонымен қатар, кеңсе, киім-кешек беріп, көмектеседі. Жеке секторда тұратындарға көмір сатып алуға ақша бөлінеді, - дейді ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Татьяна Абрамова.
Биыл толық емес отбасылардан шыққан балалар ғана көмек алды. Қыс мезгіліндегі аяздың салдарынан Біріккен Араб Әмірліктерінің Қызыл Жарты ай қызметкерлерінің назарына Шығыс Қазақстан, Семей және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ілінді. Біздің өңірге 3 млн теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаражатқа жылы киімдер, аяқ киімдер, төсек-орын жабдықтары, жаялықтар, көрпелер, матрастар сатып алынды.
Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларындағы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді. Қажетті заттармен Қарағанды қаласының өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың, жайлылық үйінің (мүгедектерге арналған Қарағанды жеке баспанасы), "Мейрім" стационарлық үлгідегі жалғыз басты қарттарға, мүгедектерге арналған интернат үйінің, Бұқар Жырау ауданындағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының қамқорлығындағылар қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 200-ден астам адам біржолғы көмек алды. Алдағы уақытта кеншілер шаһарында ашылатын тағы бір дағдарыс орталығы үшін гуманитарлық көмек жинақтары әзірленді.