Қарағанды гарнизонының әскери полиция бөлімінің офицері Заңғар Әлкенов ультрамарафонға дайындалуда. Ол өзінің жүгіруін армия үшін ерекше күні - 7 мамырда бастауды жоспарлап отыр. Ал әзірше Алматыдағы Алатау баурайында қарқынды жаттығулар өтуде.
2020 жылы Заңғар Қарағанды - Атасу бағыты бойынша 200 шақырымды сәтті еңсерген болатын.
- Қазір ультрамарафонның екінші кезеңі - 320 шақырым. Алматыда мамандар нақты жоспар құрып, ағза үшін қажетті су мөлшерін есептейді, - дейді Заңғар Әлкенов.
Ультрамарафоншының көптеген жетістіктері бар. Ол қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер. 2012 жылы жарақат алғаннан кейін жекпе-жек өнерін ұзақ қашықтыққа жүгіруге алмастырды.
320 шақырымдық жүгірісті GPS-навигатор арқылы онлайн режимінде бақылауға болады.
- Бәрі жақсы деңгейде өтеді деп ойлаймын. Егер бұл марафон мен үшін табысты болса, келесі жылы Қарағанды - Алматы бағыты бойынша 1 000 шақырым жүгіруді жоспарлап отырмын, - дейді Заңғар Әлкенов.