Жұлдызы жанған дарындар: Қарағандыда "Сарыарқаның жаңа есімдері" облыстық онлайн-байқауының қорытындысы шығарылды

Жұлдызы жанған дарындар: Қарағандыда "Сарыарқаның жаңа есімдері" облыстық онлайн-байқауының қорытындысы шығарылды

10 ақпан мен 10 наурыз аралығында Instagram-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Сарыарқаның жаңа есімдері" Қарағанды облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының онлайн-байқауы өтті. Наурыз қарсаңында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында жеңімпаздар марапатталды.

-Тәуелсіздіктің 30 жылдығында біз жаңа жұлдыздарды жағуға мүмкіндік беретін онлайн-байқау өткізуді ұйғардық. Қарағанды облысы әрқашан таланттар ұстаханасы болған. Біздің байқау дәстүрлі жалғасын тауып, шығармашылық адамдар үшін жақсы бастау алаңына айналады деп үміттенеміз. Баршаңызға табыс пен жаңа жеңістер тілеймін, - деді жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

"Сарыарқаның жаңа есімдері" байқауы бес номинация бойынша өткізілді: вокал, хореография, аспаптық орындау, көркем сөз және ерекше жанр (фокустар, жонглерлік ету, акробатика және т.б.). Шығармашылық сайыста облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 708 қатысушы (жас санаттары: 7-14 жас, 15-29 жас, 30-55 жас, 56 жас және одан жоғары) жеңіс үшін өзара бақ сынасты.

Кәсіби қазылар алқасы қатысушыларды орындаушылық шеберлігі, әртістігі, креативтілігі үшін бағалады, сахналық костюм де назарға алынды, сондай-ақ бейне сапасына да ерекше көңіл бөлді.

"Ақсақ құлан" күйі үшін аспаптық жанрда бірінші орынды 13 жасар қарағандылық Нұрдәулет Сағатбек иеленді.

- Мен домбырада 11 жасымнан бері ойнап келемін. Бұрын "Өнерлі өрен" байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған едім. Бұл байқау туралы Instagram-да білдім. Сөйтіп, "Ақсақ құлан" халық күйін орындап, бейнебаян түсіруді ұйғардым. Болашақта Нұрғиса Тілендиев сияқты күйші-композитор болуды армандаймын, - деді Нұрдәулет Сағатбек.

Көрермендер көзайымы жүлдесін Қарағанды қаласының балалар мен жасөспірімдер сарайының "Волшебная страна" үлгілі хореографиялық ансамблі жеңіп алды.

Шығармашылық байқаудың барлық қатысушылары дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Жеңімпаздардың толық тізімімен мына жерде танысуға болады - тізім.