Қарағанды обылысының әкімі Шахан кентіндегі жағдайға орай жедел штаб жиналысын өткізді

Қарағанды обылысының әкімі Шахан кентіндегі жағдайға орай жедел штаб жиналысын өткізді

Аймақ басшысы құтқарушылар қызметінің, Шахтинск қаласы әкімінің, ТКШ саласы жетекшілерінің, полицияның есебін тыңдады.
Белгілі болғанындай, құтқарушылардың алғашқы легі оқиға орнына 4 минуттан соң келген. Нұрмұхамбет Әбдібеков құтқару қызметінің жұмысын ерекше атап өтті:

- Қалыптасқан жағдайда біздің ТЖ қызметкерлері, полиция мен денсаулық сақтау органдары жедел іс әрекет етті.Бұл кезеңде қажетті жұмыстар өз деңгейінде атқарылды деп санаймын. Әрі тұрғындардың белсенділігіне де ерекше тоқталып өткім келеді. Апат ошағында жұмыс істеген манипулятор тұрғындар бастамасымен әкелінген. Бұл өте жақсы азаматтық позиция екендігін атап өту керек.
Аймақ басшысы жедел іздестіру, құтқару шараларына өз еркімен көмек қолын созған тұрғындардың техникаға жұмсаған шығындарының орнын толтыру мәселесін шешуді тапсырды.
Жылыту қазандығы жарылу салдарынан апатты жағдай орын алған үйді қазір Даму мен қайта қалпына келтіру жөніндегі көпсалалы қазақстандық институттың мамандары зерттеуде. Аталмыш институттың директоры Жмагул Нугужинов, мамандардың үйді толық қарап шығып, екі күннің ішінде сараптама жұмыстарын аяқтайтындықтарын атап өтті.
- Үйдің қалған бөлігінде қауіпті ақаулар жоқ. Біз барлық бұрышты қарап шығуымыз керек. Жақын арада қорытынды дайын болады, - деді Жмагул Нугужинов.
Сарапшылардың қортындысына сай үйдің келешектегі тағдыры шешіледі. Әрі үйдің құлаған бөлігін толық сүріп тастау жұмыстары да сарапшылар қорытындысынан соң жүзеге асырылады.
ТЖ барысында келген шығынды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды.
Осыған дейін хабарланғандай, әкімдік қаза тапқандарды жерлеу мен еске алуға кететін шығындардың бәрін өз мойынына алады. Әрі Қарағанды облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасына 1 млн теңге, жарақат алғандарға 500 мың теңге өтемақы төлейді.
Елден жылу жинау мақсатында Шахан кентінің әкімдігі гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ашты. Оған Қызыл ай қоғамының өкілдері азық түлік әкеп тапсырған, сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да көмек көрсетілуде. Жақын арада Шахан кентінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған фонд құрылып, қаржылай көмек жинала бастайды. Қордың құрылтайшылар алқасына Шахтинск және Шахан қаласының қоғамдық өкілдері енеді.
Бұдан бөлек аймақ басшысы автономды жылыту жүйесіне ие барлық көп пәтерлі үйлерді тексеріп шығуға тапсырма берді. Мамандар мұндай үйлердегі қазандықтардың жайын бақылап, кеңес берулері керек. Әрі тек Шахан кентімен ғана шектеліп қалмай, Қарағанды обылысындағы барлық үйлерді назарға алулары тиіс.