Өмір драмасы: Жезқазғанда Абай туралы спектакльдің премьерасы өтті

Өмір драмасы: Жезқазғанда Абай туралы спектакльдің премьерасы өтті

С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрында наурыз айының басында драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) пьесасы бойынша қойылған «Мен ішпеген у бар ма?..» спекталінің премьерасы өтті. Қойылым Ұлы Абайға арналған.

Спектакльде Абай мен Құнанбайдың, әке мен ұлдың, бабалар мен ұрпақтардың арасындағы күрделі өзара қарым-қатынастар арқылы ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың шексіз қарама-қайшылығы сияқты күрделі мәселелер көрініс тапқан.

- Ұлы Ақынның 175 жылдығына арналған спектакль арқылы көрермендердің назарын Абай өмірінің философиясы мен трагедиясына тағы да аударғым келді. Екіншіден, басқаларға мүлдем ұқсамайтын «Өз Абайымды» қойғым келді. Біз Абай – философ, данышпан дейміз. Алайда, ол бәріміз сияқты ет пен қаннан жаралған адам. Бірақ мен оның прогрессивті ойларымен өз заманынан озғанын көрсеткім келді. Ия, тіпті туыстары мен жақын-жекжаттары оның жанын толық түсіне алмады. Сондай-ақ, өмір бойы надандықпен, өткеннің қалдықтарымен күрескен Абайды көрсеткім келді,-дейді қоюшы режиссер Теміржан Жанботаев.

Сахнада Абай бейнесін екі актер сомдады: Нұржан Бейісбеков жас ақынның мінезінің қалыптасуын жеткізді, ал ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаев қалыптасқан ұлы ойшылдың сан қырлы тұлғасының қайғылы жақтарын қайта жаңғыртты.

- Біздің қала үшін – бұл үлкен оқиға, үлкен премьера. Абайды ойнау - кез келген қазақстандық актердің арманы деп ойлаймын. Біз барынша тырыстық, қиындықтар болды. Біздің қойылым көрермен көңілінен шықты деп үміттенеміз, - деді Нұржан Бейсбеков.

Аталмыш пьеса 40 жыл бұрын жазылған.

- Ол Абайдың 150 жылдығына орай Мәскеуде болды. Еліміздің көптеген театрларында қойылды. Бірақ С. Қожамқұлов атындағы театрдың спектаклі мені ерекше толқытты. Мен сахналарда түрлі Құнанбай образдарын көрдім – барлығында ол қатал адам бейнесінде сомдалады. Бірақ Құнанбайдың да жүрегі бар, ол да ұлына алаңдайды. Бүгін мен Бақытжан Ыбыраевтың орындауында осындай бейнені көрдім, - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы-драматург Иран-Ғайып.

Абай мұрасын насихаттағаны үшін театр басшысы Досхан Сәкен «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінің қоюшы режисері Темірлан Жанботаевқа Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы» мерейтойлық медалін табыс етті. Бұл марапатқа сондай-ақ Серік Бұлғақбаев Абай бейнесін сомдағаны үшін, ал Бақытжан Ыбыраев Құнанбай рөлін ойнағаны үшін ие болды.