
Бүгін Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында "Қош келдің, Наурыз!" деген атаумен ашық есік күні өтті. Шара тарих күніне арналды.
Іс-шара барысында Ә.Бөкейханов атындағы гимназияның мұғалімі Гүлдана Айкеева Наурыз мерекесінің маңызы, онымен байланысты салт-дәстүрлер туралы айтып берді.
Содан кейін Орталық қызметкерлері барлығына ізгі тілекпен жүгініп, "Көрісу" дәстүрін көрсетті.
Бұл күні мерекелік дастархан да жайылды. Қалалық Аналар кеңесінің мүшелері Тагрифа Абдуахитова мен Сәлима Тоқпаева жиналғандарға наурыз көжені дайындау әдісін көрсетті.
Келушілерге ұлттық киім тігу бойынша шеберлік сабағы өте қызықты болды. Қолөнерші Жәмила Абдуллаева тігудің барлық қыр-сырын түсіндіріп, өзі тіккен киімді көрсетті.
Жас теміртаулықтарға қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, пауэрлифтингтен ардагерлер арасында бірнеше дүркін әлем чемпионы Айтжан Исаков батасын берді.
Музыкалық тосын сыйды әнші Жанна Хасенова дайындады. Ол "Наурыз көктемі" әнін орындады.
Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің студенттері Наурызды тойлау туралы көп нәрсе біліп қана қоймай, мерекелік дастарханнан дәм тата алды.
Шара соңында Орталық басшысы Саида Саргизова қонақтарға сыйлықтар табыс етті.