
Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жалғасуда. Өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысов және ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов Саран және Шахтинск қалаларының су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.
Олар Аралау барысында реттеуіштердің шлюздері және Саран су қоймасының айналма арналарының жұмыс істеу қабілеттілігі тексерілді. Қар тазалау және су өткізу құбырлары мен каналдардың тазалау жұмыстары бағаланды. Саран қаласында дренаж науаларын монтаждау және жабық үлгідегі нөсер кәрізін жөндеу бойынша жүзеге асырылған іс-шаралар қаралды. 2020 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде 500 метр дренаждық лотоктарға монтаждау жүргізілді, «Саран-Қарағанды» жергілікті маңызы бар автожолының учаскесінде су өткізу құбыры орнатылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 11,6 шақырымнан асатын су бұру арналарын тереңдету және тазарту жүргізілді.
Сондай-ақ, Шахтинск аумағындағы Саран-Шахан автожолында су өткізу қабілеті ұлғайтылды.
Аралау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға қар шығару, су өткізу құбырларын тазарту, материалдық-техникалық құралдардың қажетті қорын дайындау және су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша халықпен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша одан әрі жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.
Естеріңізге сала кетейік, 2015-2020 жылдар аралығында облыста барлығы 220 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды, 173 елді мекенде 76 шақырым өзен арналарын жағалауды нығайту, түбін тереңдету, түзету және кеңейту орындалды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша