
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы "Қайырымды істер марафоны" жалпыұлттық жобасы аясында Qaiyrymdy ūrpaq қайырымдылық акциясын өткізуде. Іс-шараның басты мақсаты - халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін сапалы білім алу және даму мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.
Кеше, 1 наурызда тікелей эфирде акция бастау алды. Ол осы жылдың наурыз-мамыр айларында өтеді.
- Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Осыған байланысты Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Qaiyrymdy ūrpaq шарасы - солардың бірі. Акция өскелең ұрпақ пен жастар арасында білім беру құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған. Бұл сонымен қатар спортпен шұғылданғысы келетін, қосымша білім алғысы келетін балаларды қолдау. Негізгі аудитория - аз қамтылған, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, - деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Акцияға жас кәсіпкерлер мен депутаттар, мемлекеттік және жеке мекемелердің басшылары, қосымша білім беру ұйымдарының және спорт кешендерінің (секцияларының) меншік иелері мен құрылтайшылары шақырылады.
Қайырымдылық жасаушы балаларға келесі жағдайларда көмектесе алады:
- даму курстарына, қосымша білім беру үйірмелеріне немесе спорт секцияларына баруға тегін абонемент (дисконт) беру (абонемент мерзімін, жолдаманы қатысушылар өз бетінше айқындайды);
- спорттық киім немесе мүкәммал, білім беру онлайн-ресурстарына, мамандандырылған әдебиеттерге жазылым сатып алу.
Балалардың білім алуы мен дамуына жағдай жасауға бағытталған басқа да қолдау шараларға қатысуға мүмкіндік бар.
Аз қамтылған, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды, мүгедек балаларды қайырымдылық жасаушылар өздері таңдайды. Егер қолдаға мұқтаж баланы анықтауға көмек қажет болса, қатысушылар қалалар мен аудандардың (мектептердің) білім бөлімдеріне, сондай-ақ волонтерлік ұйымдарға жүгінуі тиіс.
Акция #qaiyrymdyūrpaq, #Алғыс айту, #үздіктер, #үздік инвестициялар хэштегтері арқылы әлеуметтік желілерде бейнероликтерді (тақырыптық посттарды) жариялау арқылы қайырымдылық эстафетасын беру түрінде өткізіледі.
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы барлық ниет білдірушілерді акцияға қатысуға шақырады. Qaiyrymdy ūrpaq туралы барлық ақпаратты өңірдің қалалары мен аудандарының жастар ресурстық орталықтарынан алуға болады.