
Еліміздің балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында бір апта бойы "Қазақстан - менің алтын бесігім" атты балалар шығармашылығының республикалық фестивалі өтті. Таланттар байқауы "Ризашылық - мейірімділік бұлағы" ("Благодарность - источник доброды") жалпыұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қарағанды облысының балалар үйінің үш тәрбиеленушісі өз номинациялары бойынша үздік атанды.
Шығармашылық байқаудың қазылар алқасы Руслан Сиралиновқа "Жүрек жылуы" вокалдық номинациясында бас жүлде берді. Ол Қарағанды облысы білім басқармасының "Құлыншақ" балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ал "Таңшолпан" балалар үйінен Наталья Варельджан (Қарағанды) "Үздік әйел рөлі" атағына ие болды. Ол "Жас Абай" спектаклінде Тоғжанды сомдады.
Айта кетейік, "Таңшолпан" осымен екінші жыл қатарынан "Театр өнері" номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Жезқазған қаласының М.Құлышева атындағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы "Ең нәзік" - "Татулықтың тұғыры - бірліктің бесігі" халықтық би байқауында жеңіске жетті.