
Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жаңғыру жолы" өңірлік штабының филиалы ашылды. Оның қызметінің басталуы Алғыс айту күніне орайластырылды. Сондай-ақ, ЖОО-ның Достық үйімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
"Филиалды ашу мақсаты Облыстың жастар қозғалысын дамыту, жастар бастамаларын қолдау, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады", - деп хабарлады ҚХА.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылдың наурыз айында ҚХА-ның "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы құрылған болатын. Оның тұжырымдамалық міндеті - өңірлік және республикалық деңгейдегі барлық этностар жастары өкілдерінің бірлескен жұмыс алаңын қамтамасыз ету, ауылдық және қалалық жастар арасындағы алшақтықты азайту, жас отбасыларға қолдау көрсету, бос уақытты ұйымдастыру және өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін күшейту.