
18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі 13,5 мыңнан астам әскери қызметші көктемгі шақыру кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. Биыл әскерге шақырылушыларды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылады. Пандемия жағдайында байланыстарды азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді.
Әскерге шақырылушыларды ПТР-зерттеу екі рет: шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келгеннен кейін құрама пункттерде жүргізілетін болады. Әскерге шақырылушыларды вакцинациялау қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.
Әскери шақыртуды қорғаныс ведомствосы шілденің бірі күні аяқтауды жоспарлап отыр.
ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов әскери қызмет - әрбір жас адамның конституциялық міндеті екенін еске салды. Оны өтуден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейді.
- Ақылы көмек көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге тырыспаңыздар. Бұл - халықтың бейхабарлығын пайдаланып, әскерге шақырылушы онсыз да кейінге қалдырылуы тиіс болса да, істі қолға аламыз деп уәде беретін алаяқтар, - деді ол.
Қорқытып алушылық, туындаған мәселелерді шешу ұзаққа созылған жағдайда "Қарулы Күштер - адалдық алаңы" жобалық кеңселеріне жүгіну қажет.
Шақыруға байланысты барлық рәсімдер кеңес беру мүмкіндігін бере отырып, барынша ашық форматта ұйымдастырылатын болады. Ол үшін жергілікті әскери басқару органдарында электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар құрылды.
Әскери қызметке шақыру тәртібі туралы түсініктемені Қорғаныс министрлігінің Сall-орталығына телефон арқылы хабарласып алуға болады: (8-7172) 72-10-83, 72-16-06, 72-13-89, 72-13-82.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша