Қазақстандықтар "102" мобильді қосымшасы арқылы полицияға жүгіне алады

Қазақстандықтар "102" мобильді қосымшасы арқылы полицияға жүгіне алады

"102" мобильді қосымшасы арқылы оқиға орнынан хабарламалар, фото және видео жіберуге, өтініштер қалдыруға, аудио және бейне қоңыраулар шалуға болады.

- Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру аясында ІІМ азаматтардың полицияға хабарламаларын қабылдаудың жаңа процесі әзірленіп, 1 ақпаннан бастап жаппай қолданысқа енгізді. "102" мобильдік қосымшасының көмегімен еліміздің әрбір тұрғыны жасалған құқық бұзушылық туралы, вандализм, қоғамдық орындарда қоқыс тастау, есірткі саудасы және т.б. жағдайлар туралы ақпаратты ішкі істер органдарына жібере алады, - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ, жүйе арқылы өтініш беруге, аудио-немесе бейне қоңырау шалу арқылы оператормен байланысуға болады, бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері автоматты түрде анықталады, оператор не болып жатқанын көре алады және шұғыл ден қою шараларын қабылдай алады.

Сонымен қатар, егер сіз полиция қызметкерінен сыбайлас жемқорлық, бопсалау фактісіне тап болсаңыз, ішкі істер министрлігінің жеке қауіпсіздік қызметіне хабарласа аласыз.

Жүйеде Азаматтарға Telegram және Facebook-тегі чат-боттар арқылы, сондай-ақ электрондық пошта арқылы жаппай хабарлау модулі көзделген. "ВКонтакте", Telegram, Facebook-тегі "ақылды" виртуалды ассистенттер азаматтарға өз бетінше бар сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік беріп, байланыс орталықтары операторларының жүктемесін азайта алады. Егер чат-бот сұрауға жауап бере алмаса, оператормен байланысу немесе өтінішті тіркеу мүмкіндігі бар.

"102" қосымшасын Android телефондары үшін Play Store және IOS телефондары үшін App Store дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

inform.kz