Қарағанды мұражайы танымал фотограф және ҰОС ардагері Павел Кунин туралы баяндайды

Қарағанды мұражайы танымал фотограф және ҰОС ардагері Павел Кунин туралы баяндайды

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өзінің "Жеңіс сарбаздары" атты тұрақты онлайн-айдарында Павел Куниннің өмір тарихымен бөлісті. Ұлы Отан соғысының ардагері, танымал фотограф, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің лауреаты, "Қарағанды" халықтық фотоклубының төрағасы туралы естелік мәңгі болуы керек.

Павел Куниннің сурет салуға деген қызығушылығы бала кезінен байқалған. Ол бірнеше сағат бойы тоқтамай сурет сала алған. Суретші болу арманы оны Мәскеуге жетелеп келді. Бірақ радиодан жарияланған Ұлы Отан соғысының басталуы туралы хабар оның барлық ұмтылыстарын үзді. Ол үйіне, Тамбов облысының Новоюрьево ауылына оралды. 16 жасында Павел майданға аттанды. Зениттік артиллерияда қызмет етті. Сталинград бекінісінен Белоруссия мен Польша арқылы Одерге дейін жетіп, 1945 жылы 2 мамырды Берлинде қарсы алды. Қызыл Жұлдыз орденімен, "Сталинградты қорғағаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін", "Берлинді алғаны үшін" медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейін Германияда тағы бес жыл қызмет етті. Онда ол фотоательде жұмыс істеген неміспен танысып, суретке түсірумен әуестенген.

Қарағандыға отбасымен 1953 жылы келді. "Центрказгеология"-ға жұмысқа орналасты, онда зейнеткерлікке шыққанға дейін суретші-безендіруші болып жұмыс істеген. Барлық бос уақытын фотоөнерге арнаған.

Павел Кунин - Қарағандының ең танымал фотографтарының бірі. Ең күрделі техникада танылған виртуоз. Ол фотографиялық өнердің бір саласының негізін қалаушы. Ол 20 жыл бойы жергілікті фотоклубты басқарды.

1979 жылы Халықаралық байқауға жіберілген алғашқы суреті үшін Павел Кунинге Гонконг күміс кубогы табыс етілді. Оның жұмыстары әлемнің 41 елінде және Кеңес Одағының алты Республикасында қойылып, үнемі беделді марапаттарға ие болды.

Бүгінгі күнге дейін оның фотоаппараты - облыстық өлкетану мұражайының бірегей экспонаттарының бірі. Мұнда оның құжаттары, дипломдары мен грамоталары сақталған.

Павел Кунин туралы бейненің толық нұсқасын Facebook-тегі Muzeum Karaganda парағынан көруге болады.