
Осакаров ауданында өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында инфрақұрылым жақсарды. Ауылдарда әлеуметтік нысандар мен жолдар жөнделді. 2021 жылы «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Осакаров ауданын дамыту бойынша онлайн-кеңес өткізді.
- «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2021 жылы екі елді мекенде алты жобаны іске асыру жоспарланған. Молодежный кентінде екі мектепке, Мәдениет үйі мен спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тағы екі жоба көлік инфрақұрылымына қатысты. Молодежный және Ақбұлақ ауылдарындағы жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі, - деді Осакаров ауданының әкімі Нүркен Қобжанов.
Ауыл оқушыларында жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Аудан басшысының айтуынша, олар үшін робототехника, 3D-модельдеу үйірмелері, инженерлік зертханалар мен планетарийі бар техникалық орталық құрылады. Оны Осакаровкадағы «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығында жабдықтайды. Ғимарат өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша жөндеуден өткен болатын.
«Ңұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы жалғасады. 2021 жылы Осакаров ауданында 10 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Басым бағыттардың қатарына тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де кіреді. Өткен жылы Есіл ауылында жаңа су құбыры салынды, алты елді мекенде сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөнделді. Уызбай ауылында су құбырының құрылысы биыл аяқталады. Сумен жабдықтау бойынша жобаларды іске асыру Николаевка, Пионерское, Озерное, Ералы ауылдарында жоспарланып отыр.
Нүркен Қобжанов ауданда ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті туралы да айтып берді. Мал шаруашылығы саласында бірқатар жобалар бар, оларды іске асыру инвестициялар мен жаңа жұмыс орындарын ашады. Сүт-тауар фермасын ашу және екі мал шаруашылығы кешенін салу «Сыбаға» бағдарламасы және Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жоспарланып отыр.
- Осакаров ауданында 2020 жылы үлкен жұмыс атқарылды. «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Аудан орталығында барлық көшелер жөндеумен қамтылды. Әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерді одан әрі де шешу қажет, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.