
25 қаңтардан бастап Қарағанды - Жезқазған бағытындағы пойыз күн сайын қатынай бастады. Бұл шешім Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау ауданы тұрғындарының, сондай-ақ Абай, Жаңаарқа және Шет аудандарының станциялары мен разъездері тұрғындарының өтініші бойынша қабылданды.
№610/609 пойызы бұрынғы бағыты бойынша 28 елді мекенді қамтиды: Қарағанөзек, Қарабас, Құлайғыр, Қарамұрын, Дария, Бұрма, Жарық, Көктенкөл, Жаңаарқа, Атасу, Мыңадыр, Жомарт, Жеңіс, Қызылжар, Түйемойнақ, Теректі станциялары және 12 разъезд. Бұл теміржол қатынасы әлеуметтік маңызды болып табылады.
Пойыз Қарағандыдан сағат 18.02-де (жол жүру уақыты 11 сағат 37 минутты құрайды), ал Жезқазғаннан сағат 22.10-да жөнелтіледі.
Құрам алты вагоннан (екі купе, үш плацкарт және бір жалпы) құралған. Өткен жылы олар Гомель вагон жасау зауытында күрделі жөндеуден өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қарағанды - Жезқазған пойызы күнара жүрген болатын. Өткен жылы 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, алдағы уақытта бұл санды 1,5-2 есеге арттыру жоспарлануда.