
Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында қазақ ерлерінің бес қаруының бірі - садақ атудан шеберлік сабағы өтті. Шеберлік сабағын садақ ату шебері, жаттықтырушы, ұлттық өнерді дәріптеуші Мейірімхан Ералиев өткізді.
"Жас өлкетанушылар" үйірмесінің қатысушыларына ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін садақ ату өнері, қарапайым және күрделі садақ, жебе түрлері, ату әдістері туралы айтылды. Шебер қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, оқушыларымен бірге алаңда ату техникасын көрсетті. Өз күштерін өлкетанушылар да сынап көрді.
- Садақ ату - біздің бай тарихымыздың маңызды бөлігі, сондықтан ұлттық құндылықты дамыту қажет. Жастар бұл өнер туралы біліп, садақ атуды үйренуі тиіс, - деп есептейді Мейірімхан Ералиев.