
Қарағандыда 6505 әскери бөлімінің сарбаздары ант қабылдады. Салтанатты рәсімге 400-ден астам адам қатысты. Олар күзде Қазақстанның түрлі облыстарынан келген болатын. Осыған дейін жас жауынгер курсынан өтті.
6505 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына жатады. Ұландықтар қоғамдық қауіпсіздікті және елдің конституциялық құрылысының сақталуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі оларға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін үлкен жауапкершілік жүктейді.
- Қызмет өткеру үшін бізге Қазақстан Республикасының тоғыз облысынан жігіттер келді. Әскери қызмет - Мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Барлық сарбаздар мұны мақтанышпен және жауапкершілікпен қабылдайды, - деді "Орталық" ӨңҚ 6505 ә/б бригада командирінің орынбасары Арман Сейітов.
Сарбаздар Қарағанды облысының Долинка және Қарабас кенттерінде орналасқан түзеу мекемелерінде күрделі қызмет атқаратын болады.
Биыл пандемияға байланысты шақырылушылардың ата-аналары рәсімге қатыса алмады. Олар үшін Instagram парақшасында онлайн-трансляция жүргізілді.