
Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінде дарынды музыкант және оқытушы Иманкелді Көшербаевтың құрметіне сынып ашылды.
Замандастарының айтуынша, музыкант ұлттық өнерді насихаттап, оған қызмет еткен. Тәуелсіздік жылдары қазақ музыка мектебін құрып, оны Қасым Аманжоловтың құрметіне атаған. Кейін Иманкелді Көшербаев алты жыл осы мектептің басшысы болды. Өмірінің соңына дейін талантты музыкант сабақ берген.
- Ол сегізінші сыныпты аяқтаған соң, бірден музыкалық училищеге баруды шешті. Оқуға өз күшімен, ешкімнің көмегінсіз түскен. Қажырлы еңбегі мен өзіне деген талапшылдығының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізді, - деп бөлісті Иманкелді Көшербаевтың ағасы Сәбит Әбдібаев.
Сыныптың ашылуында мектептің тарихы және Қарағанды облысының Музыкалық білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқандар туралы бейнероликтер көрсетілді.
Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің негізі 1998 жылы қаланған. Мұнда домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, гитара және басқа да көптеген музыкалық аспаптарда ойнауды үйретеді.