
Оксана Кузнецова - "Қарағанды еріктілері" тобының жетекшісі. Олардан қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар көмек сұрайды. Көбінесе көп балалы, аз қамтылған, өрттен зардап шеккен және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Оның командасы көмек сұрағанбардың барлығына көмектеседі.
Волонтер қыз бұрындары да адамдардың проблемаларынан тыс қалмағанын айтады. Киім-кешек, қажетті заттарды беріп, шағын ақша аударымдарын жасаған. Алайда ол көмек шынымен мұқтаж жандарға бағытталып жатыр ма деп ойланбаған.
- Бір күні маған өзіме қолдау қажет болды. Маған көмектесті. Содан кейін еріктілердің жұмысы туралы көбірек білгім келді. 2019 жылдың қараша айында мен еріктілер қатарына қосылдым. Ол Жаңа жыл алдында болған еді. Сондықтан мен бірден жұмысқа кірісіп, балалардың жаңа жылдық тілектерін орындау үшін демеушілер іздей бастадым. Нәтижесінде жаңа жыл өте жақсы өтті, барлығы бақытты және риза болды, - деп еске алады Оксана.
Біраз уақыттан кейін бойжеткен өз командасын құруға шешім қабылдады. 2020 жылдың қаңтарында Оксана Instagram-да @volontery_karagandy парақшасын құрды, содан соң қарқынды жұмыс басталды. Басында топта тек үш адам болды. Олар мектептер мен колледждерде қайырымдылық жиындарын ұйымдастырды. Жиналған азық-түліктер отбасыларға жеткізілді. Қазір командада 10 адам бар. Барлық еріктілер жұмыс істейді, ал бос уақытында мұқтаж адамдарға көмектеседі.
- Әдетте бізге әлеуметтік желілер арқылы немесе ватсап арқылы жүгінеді. Көршілер немесе жанашыр тұрғындар жазады, өйткені қиыншылыққа тап болғандардың көпшілігінде интернет жоқ. Біз мекен-жайға барып, тексеру жүргіземіз. Егер біздің көмегіміз қажет болса, қолымыздан келгенін жасаймыз, - дейді топ жетекшісі.
Өткен жылы еріктілер көптеген адамдарға көмектесті. Жасалған жұмыс туралы барлық есептер Instagram-да @volontery_karagandy тобында жарияланады.
- Біз бір рет көмектесеміз, бірақ үнемі келетін отбасылар да бар. Біздің ең ауқымды жобаларымыздың бірі - жөндеу жұмыстарына көмектесу. Жалғызбасты қарағандылық мүгедек Елена Стулованың үйнің төбесі құлағаны туралы естідік. Біз қаражат жинауды ұйымдастырдық. Елена Кондратенконың көмегімен жиналған ақшаға төбені қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі терезені тегін орнатқан компания болды. Біз тек жұмыс үшін төледік. Виктория Евтееваның үлкен отбасында да үйлері апаттық жағдайда болды. Төбесі құлап, терезелері болмады. Үйдің бір бөлігінде жылу болмаған еді. Өзгенің қайғысына бей-жай қарамайтын абзал жандардың арқасында біз ақша жинап, құрылыс материалдарын сатып алдық. Ақтастағы жігіттер барлық жұмыстарды тегін жасады, - дейді Оксана Кузнецова.
2021 жыл қарсаңында "Қарағанды еріктілері" командасының қамқорлығындағы балалар тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар алды. Тағы 20 отбасы үшін азық-түлік себеті жиналды.
- Еріктілік менің өмірімді қатты өзгертті. Әрине, ренішсіз болмайды, бірақ жағымды эмоциялар басым. Мен Қарағанды қаласының тұрғындарымен мақтанамын, олар бізді әрдайым қолдап, қамқорлығымыздағы мұқтаждарға көмектеседі. Бізге қарап, басқалар да көмектесе бастауы үшін игі істер көп болуы керек. Біздің күшіміз бірлікте! - дейді Оксана.