Қарағандылық еріктілер қайырымдылық акциясын бастады

Қарағандылық еріктілер қайырымдылық акциясын бастады

Бүгін кеншілер қаласының еріктілер штабы қайырымдылық акциясын жариялады. Шаһар көшелері мен аялдамаларында белсенді жастар қарағандылықтарға ыстық шай ұсынады. Тұрғындар акцияға қатысты қуаныштарын білдіріп, және жастардың жақсы көңіл-күй сыйлап жатқанын атап өтті.

Еріктілер қала тұрғындарын жақсылық пен игі істер тізбегін құруға шақырады. Осы аязды күндері бір-біріне мейірімділік танытып, жанашыр болуды өтәнеді. Штаб мүшелері келесідей ұсыныстар жасап отыр:

- Егер сіз көлік жүргізіп, аялдамада тұрған адамды көрсеңіз, өтіп кетпей, оны алып кетуді ұсыныңыз.

- Егер Сіз автокөлік жүргізушілерінің бірі өз көлігін оталдыра алмай тұрғанын көрсеңіз, көмектесіңіз.

- Қалада бағдаршамдар мен қиылыстарсыз көптеген кішкентай көшелер бар, онда жаяу жүргіншілер тұрып, көліктердің өтуін күтеді. Олар жаурап қалмауы үшін жиі өтізіп жіберуге тырысыңыздар.

- Мұндай күндері таксиге қоңырау шалу саны артып кетеді. Жүргізушілер, бағаны көтермеңіздер, жерлестеріңізді құрметтеңіздер!

- Кәсіпкерлер, адамдарды өз нысандарыңызға кіріп, жылынып алуға рұқсат етіңіздер! Келушілер мен жол жұмысшыларына ыстық шай ұсыныңыздар!