
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылымында Үкімет қаулысымен балық шаруашылығы комитеті құрылды.
Мамандандырылған ведомство жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасымен айналысатын болады. Балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Экспортқа 300 мың тоннаға дейін жөнелтілетін болады. Ол үшін 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады, ал жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады.
Естеріңізге сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Балық Шаруашылығы Комитеті 2014 жылы таратылған болатын. Содан бері балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті іске асырды. Сонымен қатар, бұл саладағы функциялар комитет, жергілікті атқарушы органдар және балық шаруашылығы субъектілерінің өзін-өзі басқару органдары арасында бөлінген болатын, бұл орталықтандырылған тиімді жұмысқа кедергі келтірді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша