Жүрек қалауы бойынша: қарағандылық Ирина Борзаковская бес жылдан бері хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуде

Жүрек қалауы бойынша: қарағандылық Ирина Борзаковская бес жылдан бері хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуде

Қарағанды облысында бес жылдан астам уақыт бойы жоғалған адамдарды іздеу бойынша Rina.kz еріктілер қозғалысы қызмет етеді. Оның тұрақты жетекшісі - Ирина Борзаковская. Бала кезінен ол фельдшер болуды және адамдарға көмектесуді армандаған. Бірақ бәрі ойдағыдай бола бермейді. Қазіргі таңда Ирина кішкентайлы болып, сәбиін тәрбиелеуде. Бірақ бұл оған мүлдем бейтаныс адамдарға жақсылық жасауға кедергі келтірмейді.

2015 жылы Ирина Борзаковская алғаш рет Теміртауда жоғалған 9 жастағы Владислав Шеллерді іздеуге ат салысқан.

- Ол кезде дағдылар да, тәжірибем де болған жоқ. Тек адамдарға көмектескім келді. Еріктілермен бірге Теміртауға барып, іздестру жұмысына кірістік. Арада біраз уақыт өткен соң Астанада өзенде бала жоғалып кетті. Ол кезде де бей-жайлық таныта алмадым, - дейді Ирина.

Волонтер әйел Zello-рация арнасын құрды. Өзі секілді жанашыр жандар оған қолдау көрсетіп, қолдарынан келген көмегін аямады. Кабельдерден бастап суға лақтыратын құрылғы, тамақтан бастап іздеушілерге арналған жылы заттарға дейін жинаған. Әлеуметтік желілер бойынша ақпарат пен бағдарлар таратты.

Негізгі іздеу жұмыстары жүріп жатқанда, Ирина Борзаковская өтініш білдіргендердің барлығына қалай көмектесе бастағанымды байқамай қалдым дейді. Сол кезде чатта бүкіл әлемнен күні-түні іздеу жұмыстарына қатысуға дайын еріктілер пайда болды. Қиын жағдайға тап болғандарды іздеумен және көмектесумен ары қарай да белсенді айналысу туралы шешім қабылданды. Сол сәттен бастап еріктілер Rina.kz ұйым құрып бірікті. Бірнеше жылдан кейін басқа қалалардан келген топтың жартысы өз тұрғылықты орындарында еріктілер қозғалысын құрды. Иринамен негізінен қарағандылықтар қалды.

- Бұрын топ неғұрлым толық болса, соғұрлым жақсы болады деп ойлайтынмын. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, бастысы сан емес, сапа. Қазір Қарағанды бойынша топта 25 белсенді адам бар. Олардың жасы 18 және одан жоғары. Көптеген іздеу орындары тым қауіпті, сондықтан өзге біреу үшін жауапкершілік алу да күрделі, - дейді Rina.kz жетекшісі.

Еріктілер іздеуді бастау үшін жақын адамдарынан жоғалғаны туралы ресми мәлімдеме қажет. Тек балалар, қарттар және ауыр дерті бар адамдарды іздеуде ғана бұл шарт қойылмайды. Адамдар жоғалғанда Ирина үш күнге дейін күтпей, бірден полицияға баруға шақырады. Оның тобы өтініш берген сәттен бастап іздей бастайды.

- Бұл біз үшін қорғаныстың бір түрі. Ресми байланыс болмайынша әрекет ете алмаймыз. Бүгін әрбір екінші жоғалған адам өмірден, жұмыстан және туыстарынан шаршадық деп шешеді. Біз осындай адамдарды тапқанда, бізді сотпен және қол жұмсамақ болып қорқыта бастайды. Көбінесе туыстары іздеу шараларын тоқтатуды шешеді. Тәжірибемізде әртүрлі жағдайлар болды. Бірақ ең бастысы – біз іздеуді тоқтатпаймыз. Көмегіміз көптеген адамдар үшін қажет болып қала береді, - деп түсіндіреді Ирина.

Көптеген мемлекеттік қызметтер Rina.kz-пен ынтымақтасудан бас тартады. Психиатриялық клиникалар, ауруханалар, мәйітханалар еріктілерге сақтықпен қарайды. Бірақ құқық қорғау органдары еріктілердің жұмысын өте маңызды және пайдалы деп санайды.

Ирина Борзаковскаяға айына іздеуге 40-қа жуық өтінім келіп түседі. Көптеген адамдар бірден табылады. Біреулер ауруханаға түсіп қалады, ал кейбірі достарымен қыдырып кететіндер де бар. Кейде тіпті әзілдеп, жақындарын алдағысы келетіндер де болады.

- Егер полициядан 30 өтініш келіп түссе, біз 20 жоғалған адамды табамыз деп нақты айта аламын. Біздің ұйым статистика жүргізбейді, себебі оған уақыт жоқ. Барлығымыздың үйімізде отбасымыз, балаларымыз, негізгі жұмысымыз бар. Одан бөлек балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған аналар мен әкелерге көмек көрсетеміз. Маған атқарып жатқан әрбір ісім ұнайды. Іздеу және табу ұнайды. Мен бірнеше күн бойы көмектесуге дайынмын. Бүгін, мысалы, таңғы 6-да жаттым, өйткені өтінімдер тым көп болды, - дейді ерікті.

Иринаның екі баласы бар. Олардың бірі ерекше, екіншісі әлі нәресте. Бірақ оның назары мен қамқорлығы барлығына жеткілікті. Ең бастысы – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу және ешқашан мойымау керек, деп санайды ол.

Егер сіз Ирина Борзаковскаяның тобына ерікті ретінде қосылғыңыз келсе немесе сізге көмек керек болса, барлық ақпаратпен Rina.kz командасының Instagram парақшасынан таныса аласыздар.