
Ағымдағы жылғы 30 желтоқсаннан бастап Электрондық үкімет порталында мүгедектігі бар адамдарға арналған бірқатар қызметтер мен оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну бойынша құжаттарды ресімдеуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды.
Осылайша, енді eGov порталында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келесі мемлекеттік қызметтерін алуға өтінім беруге болады:
- есту кемістігі бар мүгедектер үшін ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу (жылына 60 сағат);
- жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерді жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
- мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу;
- мүгедектігі бар адамдарды сурдо-тифлотехникалық құралдармен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу;
- мүгедектігі бар адамдарға кресло-арбалар беру үшін құжаттарды ресімдеу;
- мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін құжаттарды ресімдеу.
Мүгедектігі бар адамдар үйден шықпай-ақ eGov порталы арқылы жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтерді алуға өтінім бере алады және одан әрі әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында өздеріне тиесілі оңалтудың техникалық құралдарын, көрсетілетін қызметтерді берушіні өз қажеттіліктерін ескере отырып таңдай алады, сондай-ақ тауарды жеткізу түрін (өзі алып кету немесе поштамен жеткізу) көрсете алады және оңалтудың жеке бағдарламасы толық орындалғанға дейін өз өтінімінің мәртебесін қадағалай алады.
Енді қызмет алушыларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметіне келудің және құжаттарды қағаз түрінде ұсынудың қажеті жоқ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша