
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова келді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында өткен кездесуде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік аппаратты жетілдіру мәселелері талқыланды. Агенттік басшысы облыс әкімдігінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
- Қазір мемлекеттік қызмет саласында көптеген жаңалықтар енгізілуде. Халықта да, мемлекеттік қызметшілердің өзінде де көптеген сұрақтар туындайды. Біздің Агенттік мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне бақылау жүргізеді. Елбасы өз Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын ұсынды. Оның мағынасы мемлекеттік аппарат азаматтардың ұмтылыстары мен талаптарына жауап беруінде. Біз адамдар қойған мәселелерді "осында және қазір" қағидаты бойынша жедел шешуге тырысамыз, - деді Анар Жайылғанова.
Ведомство басшысының қабылдауына төрт адам жүгінді. Сұрақтар мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерге қатысты болды.
Нариман Құрмашев жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде туындаған проблемаға назар аударды. Электрондық үкімет порталында банктік түбіртекті бекіту мүмкіндігі жоқ. Бұл қызметті онлайн режимінде алуды шектейді. Егер сенде карта немесе шотта ақша болмаса, онда мәселені шешудің бір ғана жолы бар - ХҚКО-ға бару және қызметті қағаз түрінде алу.
Анар Жайылғанова Қарағанды тұрғынына азаматтық белсенділігі үшін алғыс айтып, бұл мәселені уәкілетті органның алдына қоюға уәде берді.
Кездесу Академия филиалында мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеу үшін құрылған "Идеялар фабрикасы" алаңында өтті. Қатысушылар мемлекеттік қызмет саласындағы бірқатар жобаларды талқылады.
Анар Жайылғанова Қарағандыдағы ХҚКО-лардың бірінің жұмысымен де танысты.
Облыс бойынша биылғы жылы ХҚКО-лар 1,2 миллионнан астам қызмет көрсетті. Мобильдік ХҚКО-лар 7 мыңға жуық қызмет көрсетті. Қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандардың шақыруы бойынша 2 728 рет үйге барды.
Агенттік төрағасына цифрлық технологияларды пайдалана отырып, пилоттық жобаны іске асыру туралы айтылды. Облыс тұрғындары QR-код арқылы шағым немесе өтініш бере алады. Ол әрбір ХҚКО-да қолжетімді орындардағы стендтерде орналасқан. QR-кодты сканерлеу қажет, сол кезде жүгінген адаммен қызметкер хабарласады, мәселені жедел шешуге көмектеседі.