Қарағанды облысында ҚАЖД үздік қызметкері анықталды

Қарағанды облысында ҚАЖД үздік қызметкері анықталды

Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде "Кәсібінің үздігі" байқауының қорытындысы шығарылды. Жарысқа өңірдің 10 мекемесінен 100-ден астам қызметкер қатысты.

Байқау екі кезеңнен тұрды, екінші кезеңге тек 10 адам өтті. Қызметкерлер ҚАЖ қызметін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, дене шынықтыру және атыс дайындығы деңгейін, алғашқы медициналық көмек көрсете білу, мемлекеттік тілді меңгеру және қызмет өткерумен байланысты ахуалдық міндеттерді шеше білу бойынша өзара жарысқа түсті.

Байқау қорытындысы бойынша әділет капитаны АК-159/25 инспектор-психолог Әсем Шаленова бірінші орынға ие болды. Екінші орында АК-159/5 мекемесінің жасақ бастығы лауазымын атқаратын әділет капитаны Руслан Байболов. Үшінші орын иегері болып АК-159/18 мекемесінің жасақ бастығы әділет аға лейтенанты Бөгенбай Жеңісов танылды.

- Байқау жыл сайын өткізіледі, биыл ол қызықты және бәсекелі күресте өтті. Нормативтік-құқықтық актілерді білуде, алғашқы медициналық көмек көрсету тәжірибесіне, сондай-ақ дене шынықтыру деңгейіне көп көңіл бөлінді. Байқаудың мақсаты - қызметкерлердің өз мамандығы бойынша үздік болуға ұмтылысына қол жеткізу, - деді Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД кадр саясаты бөлімінің бастығы әділет майоры Жанат Мусин.