
Қарағанды облысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Айжани Нұрланова келді. Ол "Еңбек" бағдарламасының және өңірдегі Жұмыспен қамтудың Жол картасының іске асырылуымен танысты, сондай-ақ қызмет алушылар, көп балалы аналармен, аз қамтылған және жұмыссыздармен кездесті.
Қарағанды облысында Жұмыспен қамтудың Жол картасына жалпы сомасы 64 млрд.теңгеге 624 жоба енгізілді. Бағдарламаның арқасында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл санның жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылды. "Еңбек" бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 44 мыңнан астам адам қамтылды.
Айжани Нұрланова Қарағанды, Саран және Абай ауданының жұмыспен қамту орталықтарында болды. Абай ауданындағы Жұмыспен қамту жол картасы бойынша жөнделген бірқатар нысандарды қарап шықтым.
Мысалы, Топар кентіндегі Абай Құнанбаев атындағы тірек мектебін жаңартуға 16 млн теңге жұмсалды. Бұл ақшаға үй-жай ретке келтірілді, кәріз бен су құбыры жөнделді, аумақ абаттандырылды. Осы кентте қосымша білім беру орталығы мен балабақша қайта құрылды.
Абай ауданында Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 1 млрд 362 млн теңгенің 42 инфрақұрылымдық жобасы жүзеге асырылды. 417 жұмыс орны құрылды.
- Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасы бойынша біз өңірлерге барамыз. Жұмыс сапарының басты мақсаты - мемлекеттік бағдарламалардың қалай іске асырылып жатқанын, әлеуметтік көмектің қалай көрсетілетінін бағалау. Қарағанды облысында 1 500 адам "Еңбек" бағдарламасы бойынша гранттар алды - бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жақсы қолдау, - деп атап өтті Еңбек министрлігі басшысының кеңесшісі. - Қарағандыда маған жұмыспен қамту орталығы сауда үйінің ішінде ұйымдастырылғаны ұнады. Бұл адамдар үшін өте ыңғайлы.
Биыл төрт мыңға жуық қарағандылық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс тапты.
Аз қамтылған отбасылармен кездесуде кепілдендірілген әлеуметтік пакетті жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Айжани Нұрланова 2021 жылдың бірінші тоқсанында ақпараттық жүйеде атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініштер қалыптастырылатынын, яғни төлемдер алушыларға автоматты түрде ұзартылатынын хабарлады. Бұл тікелей байланыстарды жояды.