
Аралас дуэттер арасындағы синхронды жүзуден әлемдік дистанциялық турнирде (First ever artistic Swimming Virtual Challenge Mixed Duet) Қарағанды облысының спортшылары күміс медальға ие болды. Теміртау жүзу мектебінің тәрбиеленушілері Виктор Друзин мен Яна Шевченко өз жас санатында (13-15 жас) екінші болды. Халықаралық жүзу Федерациясы (FINA) мұндай турнирді алғаш рет өткізді. Оған АҚШ, Мексика, Корея, Израиль, Жапония және басқа елдердің спортшылары қатысты.
Синхронистерді жеңісімен құттықтау Н. Әбдіров атындағы спорт сарайында өтті. Кездесуде облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі жүзу спорт мектебінің жеті жас тәрбиеленушісі марапатталды. Олардың барлығы спорт шебері атағын жеңіп алды. Олардың арасында Яна Шевченко да бар. Виктор Друзин қазір Ә. Молдағұлова атындағы Олимпиядалық резерв мектеп-интернат-колледжінің Теміртау филиалының тәрбиеленушісі.
Кездесу барысында спортшылардың турнирдегі бейне қойылымдары көрсетілді. "Жастар" бассейнінің жаттығу залында би номірі түсірілді. Турнирге қатысу идеясы олардың жаттықтырушысы Анна Фаренбрухқа тиесілі.
- Біз осындай шешім қабылдап, ролик түсіргеніміз өте жақсы болды. Жүзден астам дубль болған шығар. Бірнеше күн түсірілді. Ағылшын тілінде келген құжаттамаға сай жасау керек болды. Бұған жұбайым көмектесті. Содан кейін бейнені жіберуден үш сағат бұрын біз музыканы тек белгілі бір сайттан алу керек екенін білдік. Бізге бәрін қайта жасауға тура келді. Бірақ осының барлығына қарамастан, жұмсаған күш-жігеріміз ақталып, бәрі сәтті болды, - деді Анна Фаренбрух.
Яна мен Виктор құрлықтағы барлық би элементтерін орындау ерекше және қиын болғанын мойындайды.
- Басында суда қолдау көрсету қиын болды. Бірақ біз бір-бірімізге сенеміз және ұзақ уақыт дос болғандықтан, бәрін синхронды түрде жасай алдық. Біз күн сайын жаттығамыз, сондықтан нәтиже бар. Әрі қарай дуэтімізді дамытып, жарыстарға қатысамыз, - деп бөлісті Яна.