NIS оқытушысы Қарағанды облысының ауыл мектебіне зертханалық жабдықтар сыйлады

NIS оқытушысы Қарағанды облысының ауыл мектебіне зертханалық жабдықтар сыйлады

Global Teacher Prize сыйлығының амбассадоры - NIS оқытушысы Динара Бейсембаева Нұра ауданының мектебіне зертханалық жабдықтарды сатып алды. Осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәнінің сарапшы-мұғалімі "Қазақстан мұғалімі-2020" ұлттық сыйлығының Гран-при иегері атанды.

- Жаһандық сыйлықтың басты қағидасы - қоғамға қызмет ету. Тағы бір кезеңде мен жүлде қорын не үшін жұмсайтыным туралы сұраққа сауалнама толтырып, ауыл мектебін қолдаймын депжауап бергем, - деді Динара Бейсембаева.

Нұра ауданы Ахмет ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепке Global Teacher Prize амбассадорымен бірге өзінің жұмыс істейтін оқу орнынан қолдау тобы келді. Динара Бейсембаева химия кабинетіне арналған зертханалық жабдықты алып келді, оны ақшалай сыйлықтың бір бөлігіне сатып алды. Бұл бастаманы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолдап, жиналған қаражатқа ауыл оқушыларына арналған компьютер мен проектор сатып алды.

Динара Бейсембаеваның ауылдық әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсету бойынша үлкен жоспарлары бар. Ол "Үйдегі цифрлық ғылым" элективті курсының авторы ретінде химия және биология мұғалімдерімен тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ, оқытушы сандық форматта зерттеулерді ұйымдастыру бойынша элективті курс бағдарламасын әзірлейді.

- Біздің ауыл үшін жаһандық сыйлықтың амбассадорымен кездесу - маңызды оқиға, соның арқасында біз Зияткерлік мектептермен достастық, - деп атап өтті Сәкен Сейфуллин атындағы ОМ директоры Атымтай Балабиев.

- Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері педагогтарды, бірінші кезекте ауылдық мектептерді кәсіби дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Қаңтар айынан бастап біз жаңа жобаны бастаймыз, педагогикалық шеберліктің онлайн-алаңын ұйымдастырамыз. Ол қазақтың атақты педагогы, ағартушысы, жазушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған, - деп атап өтті "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова.