
Қаражалда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қараусыз қалған бос үйлер қалпына келтіріледі. Құрылыс жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттерден қаражат бөлінді.
20 жылдан астам уақыт қараусыз қалған тұрғын үйлер Қаражал қаласының маңында орналасқан Жәйрем кентінде қалпына келтіріле бастады. Мұнда қабырғалар ретке келтіріліп, терезелер мен есіктер ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін кезекте тұрған 85 аз қамтылған отбасыға пәтер беріледі. Ал үйдің бірінші қабатында дүкендер, сұлулық салоны мен дәріхана орналасады.
- Үйде екі қазандық орнатылып, қабырғалары жылытылды. Суық болмайды. Құрылыс жұмыстары шілде айында бастап, желтоқсан айының соңында аяқтаймыз, - дейді мердігер компанияның өкілі Серікбай Момынов.
Қаражалдың өзінде қараусыз қалған үйді қалпына келтіру жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Ғимарат он жылдан астам уақыт бос тұр. Қазіргі таңда үйдің сырты қапталды. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Сол кезде тағы 104 отбасы баспаналы болады.
- Сондай-ақ, қалалық бюджеттен 25 пәтерлік тағы бір үйді қайта құруға қаражат бөлу жоспарлануда. Оларды халықтың әлеуметтік осал топтары ретінде кезекте тұрғандарға, сондай-ақ әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметшілерге береміз, - деп түсіндірді Қаражалдың ТКШ, жолаушылар көлігі, автожолдар, Құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саутбаев.
Оның айтуынша, қалпына келтірілетін үйлердің барлық инженерлік желілері тозған, сондықтан қалалық бюджет қаражаты есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына және аумақтарды абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Бұдан басқа, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Ақтай ауылында және Қаражалдағы су құбыры желілері қалпына келтірілуде. Жалпы, осы бағдарлама бойынша алдағы екі жылда өңірде бес нысан жөнделеді.