
Қарағандыда Достық үйінде Аналар кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында өткен жылдың қорытындысы шығарылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық ұйымы облыстың барлық қалалары мен аудандарында жұмыс істейді. Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Кенжеғалиева консультативтік-кеңесші органның рөлі туралы айтып берді. Өңірлік кеңес басшылары өз жұмыстары туралы есеп берді.
Аналар кеңесі облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысады, деп атап өтілді отырыста. Биыл оның қамқорлығымен әлеуметтік және қайырымдылық акциялары өткізілді.
Кездесуде отбасы мәртебесі, ұлттық құндылықтар, балаларды тәрбиелеу, қайырымдылық, көп балалы және жалғыз басты аналардың проблемалары туралы сөз болды.
Ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау және жастардың адамгершілігін арттыру тұрғысында тәрбие жұмысын атқарып жатқаны үшін Аналар кеңесінің мүшесі, ардагер-педагог Күліш Төлеухановаға "Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл" мерейтойлық медалі табыс етілді. Кеңес белсенділері облыс ҚХА алғыс хаттарымен марапатталды.
assembly.kz