
ЮНЕСКО тоғызқұмалақ зияткерлік ойынын «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне» енгізді.
Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет тиісті өтінімді мақұлдауға дауыс берді. Ол 2020 жылғы 14-19 желтоқсан аралығында онлайн-режимде өткен 15-ші сессия шеңберінде қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, 2018-2021 жылдары Қазақстан ЮНЕСКО мүшесі ретінде Комитет жұмысына қатысады.
Тоғызқұмалақ ойынын материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосуды Қазақстан, Қырғызстан және Түркия ұсынды. Комитеттің ағымдағы сессиясында барлығы 42 номинация қаралды.
Тоғызқұмалақ (Қырғызстанда - тоғыз қорған, Түркияда - мангала/гечюрме) - логика мен тапқырлыққа арналған үстел ойыны. Математикалық ойлау мен шыдамдылықты дамытады. Санау жылдамдығы мен тактикасына негізделген. Ол көбінесе шопандар алгебрасы деп аталды, себебі ойын барысында барлық төрт негізгі математикалық әрекеттер қолданылады. Ойын түріктер үшін қасиетті 9 санына негізделген.
Бұл МЕММ адамзат репрезентативтік тізіміндегі он бірінші қазақстандық элемент. Бұған дейін оған домбырада күй орындау өнері, киіз үйді құрастыру дағдылары, айтыс, қазақ күресі, Наурызды тойлау, аушы құстармен аң аулау, «қатырма» майда нан дайындау, асық ойнау, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқы өсірушілерінің әдет-ғұрыптары кірген болатын.