Қарағанды облысында «Ел Үміті» жобасының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында «Ел Үміті» жобасының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында «Ел Үміті» жобасының үздік 30 қатысушысы медальдармен және төсбелгілермен марапатталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Тәуелсіздікке бастайтын ұрпақ» атты онлайн жастар форумын өткізді. Ол бір мезгілде Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті.

Іс-шараның мақсаты – Елбасының «Ел үміті» және «Қамқорлық» ұлттық бастамаларын іске асырудың аралық қорытындыларын шығару болып табылады.

«Ел Үміті» жобалары еліміздің дарынды балалары мен жастарын анықтауға және қолдауға, кәсіпқойлықты дамытуға бағытталған. «Қамқорлық» бастамалары - инклюзивті қоғамды дамыту, оның мақсаты - Қазақстанның барлық азаматтары үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау.

Қарағанды облысында Елбасының «Ел Үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі» жобасының үздік 30 қатысушысы қола медальдармен, төсбелгілермен және кітаптармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Елбасы медалі» - 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған жоба, ол жеті бағыт бойынша дамуға мүмкіндік береді: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, Ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі.

Сондай-ақ, форум аясында «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының қорытындысы шығарылды. Ол екі кезеңде өтті және еліміздің ауыл мектептерінің 5-6 сыныптарының 295 мың оқушысын қамтыды. Олимпиада қорытындысына сай республика бойынша 1 000 оқушы жеңімпаздар атанды.

Қарағанды облысында 41 оқушы «Мың бала» көшбасшысы атанды. Жеңімпаздарды Елбасы Қорының грамоталарымен, кітаптарымен және ноутбуктерімен марапаттады.

Олимпиаданың тағы бір ерекшелігі – жоғары нәтиже көрсеткен 6 сынып оқушыларының Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің квоталарына сәйкес «Білім-Инновация» лицейлері мен «Дарын» мектептерінде оқуын жалғастыруға мүмкіндігі бар.