Қарағанды НЗМ оқушыларының жобалары үздіктер қатарында

Қарағанды НЗМ оқушыларының жобалары үздіктер қатарында

Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым - 2020» өлкетану-зерттеу экспедициясы шеңберінде ұсынылған жобалар мен шығармашылық жұмыстардың онлайн-байқауында жеңіске жетті. Республикалық қазылар алқасы алты номинация бойынша Қазақстанның жас зерттеушілерінің 200 жұмысын қарады.

Қарағанды НЗМ-нің 7-сынып оқушысы Камила Тазабекова «Өндірістік инновация кепілі - зияткерлік әлемует» номинациясы бойынша үздік жобаның авторы деп танылды. Қарағанды өңірінің тарихын тереңірек білуге көмектесетін Камила әзірлеген физикалық міндеттер жинағы I орынға ие болды. Жоба жетекшісі - физика пәнінің мұғалімі Бақыт Қасымбаева.

- Мен осындай байқауға алғаш рет қатыстым. Бұл бізге жобалық іс-әрекетте өзімізді сынап көруге және өз қабілеттерімізді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біз өз Отанымыз туралы тәжірибе мен жаңа білім алдық. Мен үшін бұл сыйлық күтпеген тосын сый болды. Маған мүмкіндік бергені үшін мектебіме алғысымды білдіргім келеді, - деп бөлісті Камила.

«Ұлт руханияты - бабалар аманаты» номинациясында Нариман Ақберген, Сабина Балтина және Асылхан Онбаевтың жобасы екінші орынға ие болды. Оқушылар туған қаласындағы мозаикалық панельдердің, рельефтердің және муралдардың эволюциясын зерттеді. Жоба жетекшілері - информатика мұғалімдері Глеб Давлетгариев және Әйгерім Әбдікашева.

- Оқушылар арнайы әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға талдау жүргізу тәжірибесін алды, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының мамандарымен кеңесуге қатысты. Олар өз жобаларында тек зерттеу дағдылары мен байқауларды ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін де көрсете білді, ең бастысы: бұл біздің қала, біздің мәдениетіміз және тек біздің мәдени мұрамызды сақтаймыз! «Туған елге тағзым» сияқты жобаларға қатысу туған өлкенің мәдени мұрасына құрметпен және ұқыпты қарауды дамыту үшін қажетті жағдайлар жасайтынына сенімдімін, - деп атап өтті Глеб Давлетгариев.

«Туған елге тағзым - 2020» өлкетану-зерттеу экспедициясына Қарағанды НЗМ-нен 48 оқушы мен 16 мұғалім қатысты. 29 жоба дайындалды, олардың 10-ы республикалық кезеңнің қазылар алқасының назарына ұсынылды.