Қарағандыда медицина қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер кілттері табысталды

Қарағандыда медицина қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер кілттері табысталды

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарағандылық дәрігерлер жаңа пәтерлердің кілттерін алды. 14 отбасы қоныс тойын тойлады.

Жаңа баспананың бақытты иегерлерін қоныстойымен Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және "Қазақстандық Ипотекалық Компания" ИҰ" АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры Айсұлтан Ақшурин құттықтады.

- Бүгінде Қазақстандық Ипотекалық Компания мен Қарағанды облысының әкімдігі арасындағы келісімнің арқасында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 14 медицина қызметкерінің отбасы жаңа қоныстанушыларға айналды. Сіздерді құттықтаймын және отбасылық бақыт тілеймін, бұл үй көп қуаныш әкеледі! – деп құттықтады қоныстанушыларды Ермағанбет Бөлекпаев. - Жақын арада бұл үйде мұғалімдер мен ЖОО оқытушыларының отбасылары да пәтер алады. Мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу жалғасатын болады.

- 5 жылдан астам уақыт бойы біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға пәтерлерді 20 жылдан кейін өз меншігіне артық төлемсіз және бастапқы жарнасыз алу мүмкіндігімен жалға беріп келеміз, - деп атап өтті Айсұлтан Ақшурин. - Жаңа қоныс иелерін құттықтаймын және бұл пәтерлер әрдайым жылы, жарқын сәттерге толы болуын және сіздерде тек жақсы оқиғалар болғанын тілеймін!

Барлық пәтерлер таза әрленген және қоныстануға толық дайын. Тұрғын үйдің шаршы метрін жалға алу құны айына 1 226 теңгені құрайды. Жалдау мерзімі – 20 жыл. Бірақ қаласаңыз, пәтер осы мерзімнен бұрын сатып алынып, меншікке берілуі мүмкін.

- Мен жақында ғана медуниверситетті бітіріп, жарты жылдан бері облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істеймін. Бұған дейін мен тұрғын үйді жалға алып, қазіргіден көп төледім. Бірақ қазір мен меншікке өтетін пәтер үшін төлейтінімді білемін, - дейді неонатолог Фархат Мадет.

Қазір кез-келген саланың жас мамандары үшін көптеген мүмкіндіктер бар, деп атап өтті Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының онколог-химиотерапевт дәрігері Жадыра Нұркетаева.

Айта кету керек, өңірде екінші жыл қатарынан жас мамандарды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол үшін жаңа үйлер салынып қана қоймай, бар үйлер қайта жаңартылып, жөнделуде. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған.

Биыл Қарқаралы, Бұқар Жырау және Ақтоғай аудандарында дәрігерлер 34 пәтер алды. Келесі жылы Қарағанды, Теміртау және Қаражалда 110 қызметтік пәтер тапсыруға дайындалуда. Жезқазғанда медициналық кәсіпорынның балансына 28 пәтерлі үй берілді, оны 2021 жылы жөндеу жоспарланған. Приозерск қаласында медицина қызметкерлеріне бес қабатты үйден алты пәтер бөлінді.

Бүгінгі күнге дейін денсаулық сақтау басқармасы 138 пәтерді абаттандыру бойынша үш жобаны жүзеге асырған.